Ыстықкөл жағалауында жаңа бес жұлдызды «Қазақстан» шипажайының құрылысы жалғасуда. Шипажайды іске қосу биылғы қараша айына жоспарланған. Пайдалануға берілгеннен кейін шипажай жыл он екі ай жұмыс істеп, бір мезетте 180 адамға дейін қабылдай алады.
«Қазақстан» шипажайы Ыстықкөлде алғаш рет 1962 жылы ашылып, ондаған жылдар бойы демалыс пен сауықтыруға арналған танымал орындардың бірі болды. Қазір нысан жаңа кезеңге қадам басуда. Аумағы шамамен 17,5 гектар жерде жаңартылған инфрақұрылымы бар заманауи көпсалалы емдеу-сауықтыру кешені салынуда.
Шипажай құрамына негізгі ғимарат пен коттедждер кіреді. Демалушылар үшін емдеу корпусы, спорттық-сауықтыру кешені, жабық бассейн, минералды және тұщы суы бар ашық бассейндер, спорт алаңдары, веложолдар, мейрамханалар, кофеханалар, конференц-зал мен кинотеатр қарастырылған. Сонымен қатар мұнда балшықпен емдеу, сумен емдеу, физиотерапия, ине рефлексотерапиясы және медициналық оңалтудың басқа да түрлері қолжетімді болады. Шипажайдың негізгі табиғи емдік факторлары ретінде Ыстықкөлдің климаты, термоминералды суы және Қаракөл көлінің емдік балшығы пайдаланылмақ.
Жоба аясында жұмыс орындарын ашуға да ерекше көңіл бөлінуде. Шипажай іске қосылғаннан кейін шамамен 260 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Ұжымның басым бөлігін жергілікті тұрғындар құрайды.
«Ыстықкөл қазақстандықтар үшін дәстүрлі демалыс бағыттарының бірі болып қала береді. Біз «Қазақстан» шипажайының тек ем алып қана қоймай, көл жағасында отбасымен толыққанды демалатын орынға айналғанын қалаймыз. Жаңа кешен қонақтарды жыл бойы қабылдауға мүмкіндік береді, ал қызмет көрсету деңгейі мен медициналық база заманауи талаптарға сай болады», – дейді шипажай директоры Ерназ Омарханов.
Шипажай аумағында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев демалған саяжай әлі күнге дейін сақталған. Бұл нысан шипажай тарихының бір бөлігі саналады. Қазір ғимаратты қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, алдағы уақытта мұнда музей-үй ашу жоспарланып отыр.
Жаңартылған шипажай іске қосылғаннан кейін Қырғызстан, Қазақстан және өзге де өңір елдерінен келетін туристерді қабылдай алады деп күтілуде.