ҚР ПІБ Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасында мектепалды даярлық топтарының бітіру ертеңгіліктері өтіп жатыр. Бұл – балалық шақпен қоштасып, мектеп өміріне қадам басар сәттегі ерекше толқынысқа, қуаныш пен сағынышқа толы кезең.
Биылғы әрбір бітіру ертеңгілігі өзіндік мазмұнымен, көркемдік шешімімен және әсерлі атмосферасымен ерекшеленді. Солардың ішінде авиациялық стильде ұйымдастырылған «Қошемет уақыты» ертеңгілігі көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Бұл күні музыка залы үлкен сапар алдындағы әуежай кеңістігін елестетіп, бағдарламаның әрбір көрінісі балалардың жаңа белеске бет алған қанатты армандарымен астасып жатты. Жас түлектер бортсерік бейнесінде сахнаға шығып, символикалық ұшақ балғын шақтан білім әлеміне бастар жолдың көркем белгісіне айналды. Барлық қойылым мен шығармашылық нөмір балалардың қиялы мен арманына қанат бітіріп, алдағы өмірге деген сенім мен шабытты сездірді.
Ал «Қанат қаққан балапандар» атты бітіру кеші көрерменге ерекше әсер сыйлаған мазмұнды бағдарламалардың бірі болды. Бұл ертеңгіліктің негізгі идеясы – қанаты қатайып, туған ұясынан үлкен өмірге қадам басуға дайын болған балапандар бейнесі арқылы өрбіді. Кештің басты символына айналған қарлығаш бейнесі еркіндіктің, үміттің, мейірім мен биік арманның көрінісі болды. Балалық шақтың ең қымбат әрі қайталанбас кезеңі әсерлі әндер мен әсем билер, жүрекке жылы тиетін көріністер мен шынайы эмоцияға толы қоштасу сәттері арқылы нәзік жеткізілді
Кеше ғана балабақша табалдырығын аттаған кішкентай бүлдіршіндер бүгінде үлкен өмірге қадам басуға дайын, ойы ұшқыр, қиялы биік, білімге құштар жас жеткіншектерге айналды. Алда оларды алғашқы қоңырау, жаңа достар, жаңа білім мен үлкен армандар күтіп тұр.
Ал «Қарлығаш» олардың жүрегінде әрдайым мейірім мен қамқорлыққа толы бақытты балалық шақтың, достық пен алғашқы жетістіктердің ыстық мекені болып сақталады.