Қостанай облысында ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері өтті. Іс-шара аясында практикалық медициналық көмек көрсетіліп, білім беру шаралары ұйымдастырылды және өңірдің кәсіби қауымдастық өкілдерімен кездесулер өткізілді.
Сапар барысында Ұлттық госпиталь мамандары облыстық онкологиялық аурухана базасында жұмыс жүргізді. Онкохирург дәрігерлер ішек пен бүйректің онкологиялық ауруларына байланысты лапароскопиялық оталарды қоса алғанда, үш күрделі операция жасады. Сондай-ақ өңір дәрігерлеріне өкпедегі қатерсіз және қатерлі түзілістерді компьютерлік томография арқылы диагностикалау, жұмсақ тін саркомаларын анықтаудағы иммуногистохимиялық зерттеулердің заманауи мүмкіндіктері тақырыптарында дәрістер ұйымдастырылды.
Медициналық орталық ауруханасының мамандары өңір тұрғындарына консультациялық және практикалық көмек көрсетті. Барлығы сегіз операция жасалды. Олардың қатарында торлы имплант қолдану арқылы жамбас түбін реконструкциялау, коронарлық артерияларды реканализациялау және стенттеу, бүйрек, ми және ұйқы артерияларына эндоваскулярлық араласулар бар. Сонымен қатар дәрігерлер 27 консультация өткізіп, оның нәтижесінде 11 пациентке Медициналық орталық ұйымдарында қосымша тексеруден өту және ем қабылдау бойынша ұсынымдар берілді.
Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Өңір мамандарына кардиореабилитация, ядролық медицина мен тераностиканың мүмкіндіктері, сепсис пен септикалық шокты емдеу, сондай-ақ кардиохирургиялық операциялардан кейінгі оңалту тақырыптарында дәрістер оқылды.
Медициналық орталық күндерінің бағдарламасына шипажай-курорттық бағыттағы іс-шаралар да енгізілді. «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің өкілдері облыстың кәсіподақ ұйымдарымен кездесіп, шипажайлар желісіндегі емдеу және сауықтыру мүмкіндіктері, қолданыстағы оңалту бағдарламалары, жолдамаларды брондау тәртібі және ұйымдасқан топтарға арналған жеңілдіктер туралы ақпарат берді. Сонымен қатар қатысушыларға 2026 жылдың күзінде ашылуы жоспарланып отырған Ыстықкөл жағалауындағы жаңа «Қазақстан» шипажайы таныстырылды.
Кездесулер қорытындысы бойынша кәсіподақ өкілдері ынтымақтастықты дамытуға және өңір кәсіпорындары қызметкерлерінің шипажай-курорттық ем алуын ұйымдастыруға қызығушылық білдірді.
Білім беру бағдарламасын Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы мамандары ұйымдастырған семинар толықтырды. Ұлттық сараптама орталығы алаңында зертханалық қызмет сапасын қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі ретінде біліктілікті тексеру және зертханааралық салыстырмалы зерттеулер мәселелері талқыланды.
Жалпы Медициналық орталық күндері аясында өңірде 11 операция жасалып, 12 дәріс пен семинар өткізілді, оларға 250-ден астам маман қатысты. Қостанай облысында өткен Медициналық орталық күндері тәжірибе алмасуға, заманауи медициналық тәсілдерді енгізуге және өңірдің кәсіби медициналық қауымдастығымен өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.