ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы Ташкент қаласында өткен медициналық туризм жөніндегі халықаралық роуд шоуға қатысты. Іс шара медициналық ұйымдар, туристік компаниялар мен салалық сарапшылардың басын қосып, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және серіктестік байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік берді.
Роуд шоу барысында Медициналық орталық ауруханасының негізгі қызмет бағыттары таныстырылды. Қатысушыларға ерте диагностика бойынша Check up бағдарламалары, роботтандырылған хирургия, Ядролық медицина және геномдық зерттеулер орталығының жоғары технологиялық мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар шетелдік пациенттерді диагностикалау, емдеу және оңалту кезеңдерінің барлығында қолдау көрсетуді көздейтін Health is Here бағдарламасы ұсынылды.
Өзбекстанның медициналық және туристік ұйымдарының өкілдері шетел азаматтарына медициналық көмек көрсету, диагностика жүргізу және емдеу мүмкіндіктеріне қызығушылық танытты. Іскерлік кездесулер барысында тараптар медициналық туризм саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Келіссөздер нәтижесінде Медициналық орталық ауруханасына ақпараттық тур мен таныстыру сапарын ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл сапар серіктестерге аурухананың клиникалық бағыттарымен, заманауи технологияларымен және сервистік инфрақұрылымымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.
Бағдарламаның тәжірибелік бөлігінде пациенттерге консультациялық қабылдау ұйымдастырылды. Медициналық орталық ауруханасының бас аллерголог иммунологы, Аллергология, иммунология және дерматовенерология орталығының жетекшісі Ғалия Түсіпбекова екі күн ішінде аллергиялық және иммунологиялық аурулары бар пациентерді қабылдады. Оның қорытындысы бойынша пациенттерге қосымша тексеруден өту және ем қабылдау жөнінде ұсынымдар берілді. Олардың бірқатарына Астанадағы Медициналық орталық ауруханасының Аллергология және иммунология орталығында мамандандырылған диагностика мен ем алу ұсынылды.
Халықаралық роуд-шоуға қатысу кәсіби байланыстарды нығайтуға, шетелдік серіктестермен өзара іс қимылды кеңейтуге және Қазақстан медицинасының мүмкіндіктері туралы ақпаратты кеңінен таныстыруға ықпал етті.
Айта кетейік, аталған роуд-шоу «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткізілді.