Павлодар облысында өңірмен ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері өтті. Екі күн бойы Медициналық орталықтың мамандары мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, заманауи медициналық технологияларды енгізуге және өңірлік мамандардың кәсіби біліктілігін дамытуға бағытталған практикалық әрі білім беру іс-шараларын өткізді.
Ғ. Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасының базасында Медициналық орталық ауруханасының дәрігерлері жоғары технологиялық операциялар мен шеберлік сабақтарын ұйымдастырды. Атап айтқанда, ретроградты интраренальді хирургия әдісі қолданылған бірқатар күрделі оталар жасалды. Сонымен қатар, облыс тұрғындары үшін пульмонолог және невролог-эпилептолог дәрігерлердің консультациялық қабылдауы ұйымдастырылып, пациенттерге басқа өңірлерге бармай-ақ, мамандандырылған медициналық көмек алу мүмкіндігі жасалды.
Сонымен бірге Медициналық орталық ауруханасының сарапшылары сепсис пен сепсистік шокты емдеудің заманауи тәсілдері, клиникалық фармакология қызметін енгізу және көпбейінді стационарда антибиотиктерді ұтымды пайдалану тақырыптарында білім беру іс-шараларын өткізді. Орта және кіші медицина қызметкерлеріне арналған жеке семинарларда пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тері ойылуының алдын алу мәселелері қарастырылды.
Павлодар қалалық №1 ауруханасында Медициналық орталық ауруханасының мамандары ми қан тамырлары аневризмалары кезінде эндоваскулярлық араласулар, омыртқааралық диск жарығы мен жұлын өзегінің тарылуын эндоскопиялық әдіспен емдеу, сондай-ақ алдыңғы және артқы айқаспалы байламдарға пластикалық операциялар және hallux valgus деформациясын аз инвазивті тәсілмен түзету оталарын жасады. Сонымен қатар нейрохирургтер, рентгенхирургтер, травматологтар және ортопедтер үшін заманауи хирургиялық технологиялар көрсетілген шеберлік сабақтары өткізілді.
Павлодар облыстық кардиологиялық орталығында Медициналық орталық ауруханасының кардиохирургтері жасанды қанайналым жағдайында шағын қолжетімділік арқылы аортокоронарлық шунттау операциясын орындады. Кардиохирургтер, кардиологтар, анестезиолог-реаниматологтар және ультрадыбыстық диагностика мамандары үшін жоғары технологиялық кардиохирургиялық араласуларды жүргізудің заманауи тәсілдері бойынша практикалық көрсетілім ұйымдастырылды.
Медициналық орталықтың Ұлттық госпиталінің мамандары да өңірдің білім беру бағдарламасына белсенді қатысты. Олар орта және кіші медицина қызметкерлеріне мейіргерлік күтім, қимыл-қозғалысы шектеулі пациенттердегі асқынулардың алдын алу және стационардағы медициналық көмектің қауіпсіздігін арттыру мәселелеріне арналған семинарлар өткізді.
Медициналық орталықтың Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы «Әйелдер денсаулығы 360°: репродуктивтік кезеңнен менопаузаға дейін» атты онлайн-конференция ұйымдастырды. Сарапшылар бедеулігі бар пациенттерді бағыттау алгоритмдері, репродуктивті медицинаны дамыту, онкологиялық пациенттердің репродуктивтік әлеуетін сақтау, менопауза кезеңіндегі әйелдерді жүргізу, аналық бездердің мерзімінен бұрын жеткіліксіздігін диагностикалау, ерлер бедеулігін емдеу, пациенттерге психоэмоционалдық қолдау көрсету және репродуктивтік денсаулық бұзылыстарының алдын алу жөніндегі заманауи тәсілдерді таныстырды. Конференцияға медициналық ұйымдардың басшылары, түрлі бейіндегі дәрігерлер, орта медицина қызметкерлері, ғылыми-педагогикалық қызметкерлер және резиденттер қатысты.
Жалпы, Медициналық орталық күндері аясында жоғары технологиялық хирургиялық араласулардың 11 түрі орындалып, тұрғындарға бейінді мамандар 30-дан астам консультация өткізді. Сондай-ақ офлайн және онлайн форматтарда 15 білім беру іс-шарасы ұйымдастырылып, оған 700-ден астам тыңдаушы қатысты.
Өңірмен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум практикалық медициналық көмекті, мамандарды оқытуды және озық тәжірибе алмасуды тиімді ұштастыруға мүмкіндік беріп, өңірдің денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға ықпал етті.
Фото авторы: Константин Шелков