Фармакотерапияның заманауи тәсілдері, дәрілік препараттардың жағымсыз әсерлерін алдын алу және пациенттердің дәрілік сауаттылығын арттыру мәселелері Медициналық орталық ауруханасында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияның негізгі тақырыптарына айналды. Іс-шара Дәрілік заттарды дұрыс пайдаланудың халықаралық күніне орай ұйымдастырылды.
Конференция аурухананың бас терапевті, медицина ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Роза Бәкенова және бас невролог, медицина ғылымдарының докторы, профессор Алма Жүсіпованың модераторлығымен өтті. Жиынға әртүрлі мамандықтағы дәрігерлер қатысып, қауіпсіз әрі тиімді фармакотерапияның заманауи тәсілдерін талқылады.
Конференцияға қатысушылардың айтуынша, дәрілік заттарды ұтымды пайдалану – медициналық көмектің сапасы мен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды бағыттардың бірі.
Конференцияны Клиникалық фармакология бөлімінің меңгерушісі Алтын Нұрпейісова «Ауруханада дәрілік заттарды ұтымды пайдалану» тақырыбындағы баяндамасымен ашты. Іс-шара барысында мамандар рационалды фармакотерапияның заманауи қағидаттары, биологиялық белсенді қоспаларды қолдану ерекшеліктері, дәрілік заттардан туындайтын бауыр зақымданулары және клиникалық жағдайлар негізінде сирек кездесетін жағымсыз дәрілік реакциялар туралы баяндады.
Бағдарламаның маңызды бөлігінің бірі пациенттерге арналған дәрілік заттарды қауіпсіз қолдану жөніндегі ақпараттық-ағартушылық бейнематериалдардың таныстырылымы болды. Сондай-ақ «сұрақ-жауап» форматында мамандар дәрілік терапияға қатысты ең өзекті сұрақтарға жауап беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Конференция кәсіби пікірталаспен қорытындыланып, қатысушылар тәжірибе алмасып, дәрілік заттарды ұтымды қолданудың практикалық аспектілерін талқылады.