Ақмола облысында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері өтті. Екі күн бойы Медициналық орталықтың мамандары жоғары технологиялық операциялар жасап, пациенттерге консультациялық көмек көрсетті және өңірдің медицина қызметкерлеріне арналған білім беру іс-шараларын ұйымдастырды.
Облыстық ауруханаларда алты операция орындалды. Олардың қатарында жамбас буынын эндопротездеу, қан кетумен асқынған онкологиялық аурулар кезінде рентгенэндоваскулярлық араласулар, сондай-ақ несеп-тас ауруын емдеуге арналған заманауи аз инвазивті урологиялық операциялар бар. Бұдан бөлек, мамандар күрделі жүрек-қан тамырлары аурулары бар жеті пациентке кеңес беріп, олардың бір бөлігі ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасына одан әрі емделуге жолданды.
Өңір дәрігерлері үшін эхокардиография бойынша тәжірибелік сабақтар және аортокоронарлық шунттау кезінде TCRAT технологиясын қолдануға арналған дәріс ұйымдастырылды.
Іссапар аясында Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы Ақмола облысының денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының басшыларына заманауи білім беру және цифрлық шешімдерді таныстырды. Қатысушыларға медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, басқарушылық құзыреттерді дамыту, корпоративтік оқыту, цифрлық білім беру платформалары және кәсіби құзыреттерді бағалау құралдары ұсынылды.
Медициналық орталық күндері аясындағы тағы бір маңызды іс-шара – Медициналық орталықтың Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы ұйымдастырған «Сенімді провайдерден біліктілікті тексеру: қолжетімді әрі жақын» атты мамандандырылған семинар болды. Семинарға Ақмола облысының сынақ зертханаларының басшылары мен мамандары қатысты.
Сарапшылар зертханалардың біліктілігін бағалаудың заманауи тәсілдері, зертханааралық салыстырмалы сынақтар бағдарламаларына қатысу және зертханалық зерттеулер сапасын қамтамасыз етуге қойылатын халықаралық стандарттардың талаптары туралы баяндады. Сонымен қатар, семинар барысында қатысушылар арасында сауалнама жүргізілді. Оның нәтижелері өңір зертханаларының қажеттіліктерін ескере отырып, біліктілікті тексерудің жаңа бағдарламаларын әзірлеу кезінде пайдаланылатын болады.
Айта кетейік, жыл басынан бері ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері Қазақстанның тағы бес өңірінде өтті. Осы уақыт ішінде мамандар 65 операция мен шеберлік сабағын өткізіп, 380-нен астам тұрғынға консультациялық көмек көрсетті. Сонымен қатар, 100-ге жуық семинар мен оқыту іс-шарасы ұйымдастырылып, оған 2 800-ден астам адам қатысты.