ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Медициналық орталық күндері» аясында Алматы облысының тұрғындарына жоғары білікті консультациялық және хирургиялық көмек көрсетілді. Іс-шаралар Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы мен Еңбекшіқазақ көпсалалы орталық аудандық ауруханасының базасында өтті. Екі күн ішінде Медициналық орталықтың мамандары тұрғындарға 145 консультация өткізіп, 9 ота жасады.
Ұлттық госпиталь мамандарының көшпелі жұмысы барысында гинекологиялық ота, жарық қақпасын пластикалау арқылы герниолапаротомия, лапароскопиялық кистэктомия, кесарь тілігі, уретероскопиялық литотрипсия, инкрустацияланған стентті уретероскопиялық жолмен алып тастау және тізе буынын эндопротездеу сияқты оталар жасалды.
Консультациялық жұмыстардың нәтижесінде әрі қарай мамандандырылған бақылауды қажет ететін пациенттер анықталды. Қосымша тексерулер аяқталғаннан кейін медициналық көрсетілімдер болған жағдайда оларды мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін Медициналық орталықтың Ұлттық госпиталіне жолдау мәселесі қаралады.
Қабылдаулар мен операциялармен қатар өңірдің медицина қызметкерлеріне арналған білім беру бағдарламасы ұйымдастырылды. Іс-шара аясында дәрістер мен таныстырылымдар өтіп, оған 303 дәрігер мен денсаулық сақтау саласының маманы қатысты. Қатысушылар сепсис пен сепсистік шокты емдеудің заманауи тәсілдерімен, антибиотиктерді ұтымды қолдану қағидаттарымен, клиникалық фармакология және дәрілік терапия қауіпсіздігі мәселелерімен, ісіктерді молекулалық-генетикалық профильдеу, ядролық медицинадағы тераностика мүмкіндіктерімен, сондай-ақ ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасындағы кәсіби оқыту бағдарламаларымен танысты.
Сонымен қатар, ҚР ПІБ Медициналық орталығының «Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы» АҚ «Жүрек-қантамыр медицинасының болашағы: ерте профилактикадан жоғары технологияларға дейін» тақырыбында онлайн-конференция ұйымдастырды. Онда жүрек-қантамыр аурулары асқынуларының алдын алудың жаңа тәсілдері, тері арқылы коронарлық араласулардан кейінгі антитромботикалық терапия, кардиологиялық оңалту, семіздігі бар пациенттердегі жүрек-қантамырлық қауіп-қатерді төмендетудің заманауи мүмкіндіктері және жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерді дербестендірілген басқаруда цифрлық егіздерді қолдану мәселелері талқыланды.
Айта кетейік, Медициналық орталық мамандарының келесі көшпелі сапарлары Ұлытау және Жетісу облыстарында өтеді.