Курортология және медициналық оңалту саласындағы шетелдік мамандар Almaty Resort клиникалық шипажайында болды. Сапар Алматыда өткен «Шипажай-2026» XI Халықаралық ғылыми-практикалық форумы аясында ұйымдастырылды.
Ауқымды салалық іс-шара Қазақстаннан және басқа елдерден келген 300-ден астам ғалымды, дәрігерді, денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушылары мен мамандарын біріктірді. Қатысушылар санаторий-курорттық емдеудің заманауи әдістерін, медициналық оңалтуды, аурулардың алдын алуды және жаңа технологияларды қолдану мәселелерін талқылады.
Екі күн бойы сарапшылар тәжірибе алмасып, оңалту және цифрлық медициналық шешімдерге арналған семинарлар мен шеберлік сабақтарына қатысты. Форум аясында арнайы көрме де ұйымдастырылып, онда шипажайлар, медициналық ұйымдар мен сала өкілдері өз әзірлемелері мен мүмкіндіктерін таныстырды.
Almaty Resort көрме қатысушыларын санаторий-курорттық емдеу және медициналық оңалту бағытындағы тәсілдерімен таныстырды.
«Мұндай іс-шаралар саланың қалай өзгеріп жатқанын көруге және әріптестермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Біз үшін жаңа тәсілдерді қадағалап қана қоймай, Almaty Resort жұмысында қазірдің өзінде қолданылып жүрген тәжірибемен бөлісу де маңызды», – деді шипажай директорының орынбасары Нұрдәулет Өмірбеков.
Кәсіби тәжірибе алмасу форум қатысушыларының Almaty Resort шипажайына сапарымен жалғасты. Шипажайға Сингапур, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Грузия және Қазақстаннан келген мамандар барды. Қонақтарға медициналық блок, емдеу-сауықтыру инфрақұрылымы, шипажай аумағы мен орналастыру жағдайлары таныстырылды. Сарапшылар емдеу және қалпына келтіру бағдарламаларында қолданылатын медициналық жабдықтар мен емшаралармен де танысты.
Almaty Resort клиникалық шипажайының тарихы 1967 жылдан басталады. Ол Іле Алатауының баурайында, теңіз деңгейінен 1052 метр биіктікте орналасқан. Шипажай аумағы 21 гектарды алып жатыр.
Almaty Resort емдеу бағдарламаларында бальнеотерапия, физиотерапия, балшықпен емдеу, ингаляция, галотерапия, массаж және басқа да қалпына келтіру емшаралары қолданылады. Медициналық оңалту дене белсенділігімен ұштастырылған, шипажай аумағында бассейндер мен жаттығу залы жұмыс істейді, ал табиғи ландшафт серуендеу және терренкур үшін пайдаланылады.