13-14 тамыз күндері ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығына қарасты медициналық ұйымдардың жетекші мамандары Жезқазған қаласындағы Облыстық көпбейінді ауруханада жұмыс істеді. Екі күндік бағдарлама аясында консультациялық, хирургиялық және білім беру бағытындағы жұмыстар қатар жүргізілді.
Өңір тұрғындары үшін Медициналық орталықтың Ұлттық госпиталі мен Ауруханасының мамандары тегін қабылдау өткізді. Пациенттер кәсіптік патология дәрігерінен, хирург-онкологтан, аритмологтан, онкологтан, сондай-ақ кардиохирургия бағыты бойынша мамандардан консультация алды.
Күрделі аурулары бар және одан әрі мамандандырылған емдеуді қажет ететін пациенттерге ерекше көңіл бөлінді.
Медициналық орталық күндері аясында Ұлытау облысының дәрігерлерімен бірлесіп, күрделі операциялар жасалды. Мамандар жоғары технологиялық медициналық көмектің бірнеше бағыты бойынша тәжірибе алмасты. Атап айтқанда, нейронавигацияның көмегімен омыртқаға операция жасалып, тарылған қан тамырларына стент қойылды. Бүйректегі тастар шағын тілік арқылы алынып, нефростома орнатылды. Сонымен қатар тізе буынына аз инвазиялы операция жасалды.
Практикалық жұмыс операциялық бөлмелерде де жалғасты. Мұнда Медициналық орталықтың мамандары өңірлік әріптестеріне шеберлік сабақтарын өткізді. Мұндай формат дәрігерлерге заманауи әдістерді тәжірибе жүзінде меңгеруге, күрделі пациенттерді жүргізудің ерекшеліктерін талқылауға және кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Білім беру бағдарламасы диагностика, емдеу және медициналық көмекті ұйымдастырудың өзекті мәселелеріне арналды. Медициналық орталықтың мамандары клиникалық жағдайларды таныстырып, сепсис пен септикалық шок, паллиативтік көмекті ұйымдастыру, ядролық медицина мен тераностиканың мүмкіндіктері, кардиохирургия, қан тамырлары патологияларын эндоваскулярлық емдеу, мейіргер ісіндегі менеджмент және спорттық медицинадағы оңалту мәселелері бойынша презентациялар мен семинарлар өткізді.
Медициналық орталықтың өңірлерде өткізілетін күндерінің аймақтық денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы маңызы зор. Мұндай іс-шаралар тұрғындарға бейінді мамандардың консультациясын және жоғары технологиялық медициналық көмекті тікелей өз өңірінде алуға мүмкіндік береді. Ал дәрігерлер өз медициналық ұйымдарынан алыстамай-ақ әріптестерінің практикалық тәжірибесін меңгеріп, заманауи диагностика және емдеу әдістерін игеріп, күрделі клиникалық жағдайларды талқылай алады.
Мұндай формат республикалық және өңірлік мамандар арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтып, заманауи медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.
Ұлытау облысы жыл басынан бері ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының күндері өткізілген Қазақстанның сегізінші өңірі болды. Медициналық орталықтың келесі күндері Жетісу облысында өтеді. Онда мамандар өңір тұрғындары мен медицина қызметкерлеріне консультациялық, практикалық және білім беру бағыттарындағы жұмыстарын жалғастырады.
Ұлытау облысындағы Медициналық орталық күндері аясында дәрігерлер 86 пациентті қабылдап, 16 операция жасады. Сондай-ақ өңірдің 1373 дәрігеріне 24 презентация өткізілді.