15 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері басталды. Екі күн бойы Медициналық орталық ауруханасы мен Ұлттық госпиталь мамандары Петропавл қаласында пациенттер мен өңірдің медицина қызметкерлеріне арналған практикалық және білім беру іс-шараларын өткізеді.
Бағдарламаның практикалық бөлігі Көпбейінді облыстық аурухана базасында өтуде. ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының дәрігерлері бірнеше бағыт бойынша, соның ішінде лапароскопиялық, ангиографиялық, урологиялық, гинекологиялық және оториноларингологиялық операциялар жасайды. Сондай-ақ мамандар пациенттерге хирургия, нейрохирургия, урология, гинекология және оториноларингология бағыттары бойынша консультация береді.
«Көшпелі формат пациенттерге көмек көрсетуді және өңірдегі әріптестермен тікелей тәжірибе алмасуды ұштастыруға мүмкіндік береді. Операциялар жергілікті мамандардың қатысуымен өтеді. Бұл қолданылатын әдістер мен пациенттерді емдеу тәсілдерін практика жүзінде талқылауға мүмкіндік береді. Бағдарламаның тағы бір маңызды бөлігі – консультациялар мен клиникалық жағдайларды бірлесіп талдау», – деді хирург Талғат Уразов.
Бағдарламаның жеке бір бөлігі Солтүстік Қазақстан облысының дәрігерлерімен кәсіби тәжірибе алмасуға арналған. ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының мамандары гастроэнтерология, пульмонология, ревматология, анестезиология және реаниматология, эндокринология және ядролық медицина бағыттары бойынша онлайн-презентациялар, семинарлар өткізіп, клиникалық жағдайларды талдайды.
Оқыту бағдарламасына ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің мамандары да қатысады. Көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының базасында реаниматолог дәрігер Сабыржан Амрин анестезиологтар мен реаниматологтарға инсульт алған пациенттерге интервенциялық нейрохирургиялық операциялардан кейін реанимация және қарқынды терапия жүргізу бойынша семинар өткізеді.
Бұдан бөлек, Ұлттық госпиталь мамандары жедел гастродуоденалды қан кету, жатыр мойны обырының алдын алу, менопауза және гормон алмастыру терапиясы, сондай-ақ аналық бездердің поликистозды синдромы сұрақтары бойынша онлайн-семинарлар өткізеді.
Медициналық орталық күндері пациенттерге практикалық көмек көрсету және өңірдегі медицина қызметкерлерімен кәсіби тәжірибе алмасуды көздейді.