15–16 қыркүйек күндері ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы мен Ұлттық госпитальдің жетекші мамандары Петропавл қаласында жұмыс істеді. Екі күн бойы дәрігерлер пациенттерге консультациялық және практикалық көмек көрсетіп, өңір мамандарымен бірлесіп хирургиялық операциялар жасады, сондай-ақ облыстың медицина қызметкерлеріне арналған білім беру іс-шараларын өткізді.
Медициналық орталық күндерінің қорытындысы бойынша 25 пациент бейінді мамандардан консультация алды, 13 жоғары технологиялық операция жасалды. Сонымен қатар, 22 презентация мен семинар өткізілді. Оған аймақтың 300-ден астам дәрігері қатысты.
Бағдарламаның практикалық бөлігі Көпбейінді облыстық аурухана базасында өтті. ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының мамандары өңеш тесігі жарығына лапароскопиялық операциялар, ішкі ұйқы артериясының стенозы кезінде ангиографиялық араласулар, перкутандық нефролитотомия, постгистерэктомиялық пролапсты және мұрын қалқасының ауруларын емдеуге бағытталған операциялар жасады. Операциялар өңір дәрігерлерімен бірлесіп жүргізілді. Бұл мамандарға тәжірибе алмасуға және пациенттерді емдеудің заманауи тәсілдерін талқылауға мүмкіндік берді.
«Солтүстік Қазақстан облысында өткен Медициналық орталық күндері аясында біз пациенттерге консультация беріп, екі операция – мұрын қалқасының перфорациясын жабу және эндоскопиялық септопластика жасадық. Мұндай операциялар дәлдік пен ұқыптылықты талап етеді. Сондықтан оларды жергілікті әріптестерімізбен бірге жасап, заманауи эндоскопиялық әдістерді қолдану тәжірибемізбен бөлісу қызықты болды», – деді ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының оториноларинголог дәрігері Дмитрий Когай.
Облыстың медицина қызметкерлеріне арналған білім беру бағдарламасы жеке бағыт ретінде қамтылды. Медициналық орталық мамандары гастроэнтерология, пульмонология, ревматология, анестезиология және реаниматология, эндокринология және ядролық медицинаның өзекті сұрақтары бойынша презентациялар, семинарлар өткізіп, клиникалық жағдайларды талқылады.
Көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының базасында Ұлттық госпиталь мамандары интервенциялық нейрохирургиялық операциялардан кейінгі реанимация және қарқынды терапия, гастродуоденальды қан кетулерді емдеу, жатыр мойны обырының алдын алу және клиникалық практиканың басқа да өзекті бағыттары бойынша білім беру іс-шараларын өткізді.
Білім беру бағдарламасы аясында Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласы өкілдеріне арналған Денсаулық сақтау топ-менеджерлері мектебін өткізді. Бағдарлама аясында тиімді басқару, медициналық көмектің сапасы мен пациенттердің қауіпсіздігі, HR және цифрлық трансформация мәселелері бойынша бес презентация өткізілді. Оқытуға өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарының 46 өкілі қатысты.
Сонымен қатар, Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы біліктілікті тексеру, оның ішінде зертханааралық салыстырмалы сынақтар өткізу және зертхана мамандарын даярлау сұрақтары бойынша екі онлайн-презентация өткізді. Іс-шараларға өңірдегі медициналық, экологиялық және зертханалық ұйымдардан 46 маман қатысты.
Медициналық орталық күндері пациенттерге практикалық көмек көрсету мен республикалық және өңірлік медициналық ұйымдар мамандарының кәсіби тәжірибе алмасуын ұштастырды. Бірлескен операциялар, клиникалық жағдайларды талқылау және білім беру іс-шаралары мамандарға практикалық тәжірибе алмасып, оны алдағы жұмысында пайдалануға мүмкіндік берді.