Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы диагностика мен пациенттерді емдеуге заманауи шешімдерді енгізе отырып, медицинаның жоғары технологиялық бағыттарын жүйелі түрде дамытып келеді. Бұл жұмыстың негізгі бағыттары – ядролық медицина мен роботтандырылған хирургияны, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту, сондай-ақ халықаралық тәжірибені трансферттеу және мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыру.
Бүгінде Медициналық орталық ауруханасында радиофармацевтикалық препараттарды өз өндірісінде шығаратын Ядролық медицина орталығы, Роботтандырылған хирургия орталығы және нейрохирургиялық операцияларға арналған гибридті операциялық зал жұмыс істейді. Технологиялық базаны дамытудың кезекті қадамы – жаңа буындағы Siemens Artis Icono Floor ангиографиялық жүйесін енгізу болды. Кешен жүрек, ми және шеткері артериялардағы қан тамырлары ауруларын диагностикалауға және аз инвазивті әдіспен емдеуге арналған.
Заманауи жүйе нақты уақыт режимінде қан тамырларының егжей-тегжейлі кескінін алуға, қан ағымын бағалауға және емдеу туралы шешімді тікелей процедура барысында қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жұмыста қосымша инвазивті зерттеулер жүргізбей-ақ коронарлық қан ағымының жағдайын бағалауға мүмкіндік беретін VFFR технологиясы қолданылады. Осы жылдың алғашқы алты айында жаңа жабдық көмегімен 840 диагностикалық және емдік араласу жасалды.
Медициналық орталықтың технологиялық дамуының жеке бір бағыты цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні қолданумен байланысты. Қазіргі уақытта терапевт дәрігерлерге, диетологтар мен фармацевтерге арналған AI-ассистенттерді әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Мұндай цифрлық көмекшілер ақпаратты талдап, жүйелеуге, медициналық деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге және клиникалық шешімдер қабылдау кезінде қолдау көрсетуге мүмкіндік береді деп көзделіп отыр. Бұл ретте жасанды интеллект маманның мүмкіндіктерін кеңейтетін, бірақ кәсіби медициналық сараптаманы алмастырмайтын көмекші құрал ретінде қарастырылады.
Бұл жұмыстың маңызды бөлігі – халықаралық тәжірибені трансферттеу. Ұлттық госпиталь мен Медициналық орталықтың ауруханасы шетелдік клиникалармен ынтымақтастықты дамытып келеді. Ол тәжірибе алмасуды, білім мен практикалық дағдыларды беруді, телемедицинаны және медициналық академиялық алмасуды қамтиды. Серіктес клиникалар мамандарының пациенттерге бірлесіп консультация беруі және ем жүргізуі үшін олардың келуін ұйымдастыру да жеке бағыт ретінде қарастырылған. Халықаралық ынтымақтастық аясында бірлескен ғылыми форумдар, дөңгелек үстелдер мен конференциялар өткізу де көзделген.
Жаңа технологияларды енгізу кәсіби құзыреттерді дамытумен тығыз байланысты. Медициналық орталық шетелдік серіктестермен білім және практикалық дағдылар алмасуды дамытып, халықаралық сарапшыларды тартады. Медициналық орталық мамандары практикалық тәжірибесін өңірлердегі әріптестерімен де бөліседі. Соның ішінде Медициналық орталық күндері аясында бірлескен операциялар мен консультациялар өткізіп, семинарлар мен шеберлік сабақтарын ұйымдастырады.
Жоғары технологиялық медициналық мүмкіндіктер Қазақстанда ғана емес, шетелде де сұранысқа ие. 2026 жылдың 8 айында мұнда ТМД, Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Солтүстік Америка елдерінен келген 1000-нан астам шетелдік пациент медициналық көмек алды. Сондай-ақ ішкі медициналық туризм аясында 5 000-ға жуық пациентке медициналық көмек көрсетілді.
Осылайша, Медициналық орталықтың технологиялық дамуы заманауи медициналық жабдықтарды, диагностика мен емдеудің жаңа әдістерін, цифрлық шешімдерді, халықаралық тәжірибе алмасуды және кәсіби құзыреттерді дамытуды біріктіреді. Қалыптастырылып жатқан инфрақұрылым заманауи медициналық тәжірибелерді енгізуге және Қазақстандағы жоғары технологиялық медицинаны одан әрі дамытуға арналған алаңға айналып келеді.