Жаңаөзен мен Ақтаудағы екі күндік жұмыс нақты нәтижелермен қорытындыланды: Медициналық орталық дәрігерлері төрт операция жасап, 17 пациентке консультация берді. Операциялардың екеуі өңірде алғаш рет жасалды. Мамандар жергілікті әріптестерімен бірге практикалық мәселелерді талқылап, тәжірибе және емдеудің заманауи тәсілдерімен бөлісті. Білім беру бағдарламасы облыстың медицина қызметкерлері мен медициналық ұйым басшыларын қамтыды.
Жаңаөзенде нейрохирург Исламбек Мұсабеков облыста алғаш рет ұйқы артериясының тарылған бөлігін баллонды ангиопластика және стент орнату арқылы қалпына келтірді. Бұл әдіс миға қан жеткізетін тамырдағы қан айналымын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Ақтауда дәрігер жарылған ми қан тамыры аневризмасына шұғыл операция жасап, зақымдалған тамырды эндоваскулярлық әдіспен емдеді.
Өңір үшін тағы бір жаңа операцияны Ақтауда қан тамырлары хирургі Сырым Әшір жасады. Дәрігер шунттау әдісі арқылы пациенттің аяғындағы қан айналымын қалпына келтірді. Сондай-ақ сапар аясында ол алты пациентке консультация берді.
«Бұл операция Маңғыстау облысында алғаш рет жасалды. Оның мақсаты – аяқтағы қан айналымын қалпына келтіру. Ол үшін пациенттің өз венасы пайдаланылады, сол арқылы қан тамырының зақымданған бөлігін айналып өтетін жаңа жол жасалады. Біз үшін мұндай операцияларды өңірдегі әріптестерімізбен бірге жасап, тәжірибе алмасу және қолданылатын хирургиялық әдістерді практика жүзінде көрсету маңызды», – деді ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының қан тамырлары хирургі Сырым Әшір.
Жүрек ырғағы бұзылған пациенттерге дәрігер-аритмолог Шалқар Смағұлов медициналық көмек көрсетті. Жаңаөзен мен Ақтауда ол сегіз адамды қабылдап, бір пациентке ауруханаға жатқызуға жолдама берді. Сондай-ақ Ақтауда дәрігер кардиовертер-дефибриллятор имплантациясы бойынша операция жасады.
«Бұл сапар барысында біз жүрек ырғағы бұзылған пациенттерге консультация беріп, хирургиялық ем жүргіздік. Біз үшін оларға көмек көрсетумен қатар, жергілікті әріптестерімізбен бірге жұмыс істеп, тәжірибе алмасу да маңызды. Заманауи имплантацияланатын құрылғылар жүрек жұмысын бақылауға және оның дұрыс ырғағын сақтауға көмектеседі», – деді ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының дәрігер-аритмологы Шалқар Смағұлов.
Практикалық жұмыстар білім беру бағдарламасымен толықты. Аурухана мамандары гастроэнтерология, эндокринология, пульмонология және кәсіби білім беру бағыттары бойынша төрт онлайн-дәріс өткізді. Оған 77 медицина қызметкері қатысты.
Ұлттық госпиталь мамандары өңірдегі әріптестерімен инфекциялық бақылау, мейіргерлік күтім және пациенттердің қауіпсіздігі бойынша жұмыс жүргізді. Семинарлардан бөлек, Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында клиникалық және сараптамалық мейіргерлік аралаулар өткізді. Әріптестерімен бірге пациенттерді триаждау және бағыттау, дәрілік қауіпсіздік, медициналық құжаттаманы жүргізу және мейіргерлік күтім жайы талқылады. Қорытындысы бойынша практикалық ұсынымдар берілді.
Анестезиолог-реаниматолог дәрігерлер үшін ауыр пневмония және жедел респираторлық дистресс-синдромы бар пациенттерді жүргізу, сондай-ақ сепсис бойынша сабақтар өтті. Жалпы Ұлттық госпиталь мамандары алты дәріс пен презентация өткізіп, оған 246 медицина қызметкері қатысты.
Бағдарламаның тағы бір бағыты медициналық ұйым басшыларын оқытуға арналды. Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы облыстағы медициналық ұйымдардың 18 басшысы мен басшы орынбасарларына арналған «Денсаулық сақтау саласындағы топ-менеджерлер мектебі» онлайн-шеберлік сабағын өткізді. Сарапшылар пациенттердің сапасы мен қауіпсіздігі, денсаулық сақтауды цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану, тиімді басқару және іскерлік коммуникациялар мәселелерін талқылады. Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы мен Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы бірлескен білім беру жобаларын жалғастыруды жоспарлап отыр.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының мамандары өз кезегінде зертхана қызметі мамандарының біліктілігін тексеру, сондай-ақ биологиялық қауіпсіздік пен қорғау негіздері бойынша онлайн сабақтар өткізді. Біліктілікті тексеруге арналған презентацияға өңірдегі мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың 41 маманы қатысты.
Медициналық орталық күндері өңірде аяқталғанымен, ынтымақтастық жалғасады. Меморандумдар аясында мамандар облыстарға барып, практикалық көмек көрсетсе, өңір дәрігерлері тәжірибе алмасу және кәсіби біліктілігін арттыру үшін Медициналық орталық ұйымдарына келеді. Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда пациенттер де мұнда ТМККК және МӘМС аясында, сондай-ақ ақылы негізде емін жалғастыра алады.
Әр сапардың бағдарламасы өңірдің қажеттіліктерін ескере отырып қалыптастырылады: медициналық ұйымдар өздері үшін өзекті бағыттар мен қажетті мамандарды алдын ала айқындайды, ал бағдарлама мен мамандар құрамы осы сұраныстар негізінде жасақталады. Келесі сапар осы қағидат бойынша Қарағанды облысында өтеді.