Қарағанды облысында өткен ҚР ПІБ Медициналық орталығы күндерінің басты нәтижелерінің бірі бес медициналық бағыт бойынша сегіз операцияның жасалуы болды. Олардың қатарында өңір үшін жаңа хирургиялық әдістер қолданылған оталар да бар. 8-9 қазанда мамандар операциялар жасап, пациенттерге консультация берді, жергілікті дәрігерлермен бірлесіп жұмыс істеп, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар мамандар пациенттердің қауіпсіздігі, медицина қызметкерлерін даярлау және денсаулық сақтау ұйымдарын басқару жайына көңіл бөлді.
Қарағандыда алғаш рет жасалған екі күрделі ЛОР операциясы ерекше назар аудартты. Медициналық орталық ауруханасының бас оториноларингологі Талапбек Әженов есту қабілетін қалпына келтіруге арналған эндоскопиялық стапедопластика операциясын жасаса, оториноларингология бөлімшесінің меңгерушісі Арман Нагуманов мұрын қалқасындағы үлкен тесікті пластикалық әдіспен жапты. Екі операция да сәтті өтті.
«Біз үшін күрделі операцияларды жасау ғана емес, әріптестерімізбен тәжірибе алмасу, кәсіби ынтымақтастықты дамыту және өңірлерде мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру маңызды. Сапар барысында мен КТ және МРТ көмегімен мұрынның қосалқы қуыстарына рентгенологиялық диагностика жүргізу бойынша дәріс оқыдым. Алдағы уақытта ынтымақтастықты жалғастырып, Қарағанды мен Астанада бірлескен өңірлік конференциялар өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Арман Нагуманов.
Қарағанды қаласының № 1 көпбейінді ауруханасы мен профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана базасында мамандар тізе буынын эндопротездеу бойынша екі операция, бүйректегі тастарды алып тастауға арналған аз инвазиялық операция, көк еттің өңеш тесігінің жарығына байланысты лапароскопиялық операция және екі гинекологиялық операция жасады. Сонымен қатар бес консуфльтация берілді.
Травматология бөлімшесінің меңгерушісі Болат Ысқақовтың айтуынша, эндопротездеу пациенттерге тұрақты ауырсынудан арылып, тізе буынының қызметін қалпына келтіруге көмектеседі. Өңірлік травматологтармен бірлескен жұмыс барысында мамандар заманауи импланттарды орнату ерекшеліктері мен ерте оңалту жайын талқылады.
Білім беру бағдарламасы мейіргерлік менеджмент, пациенттердің қауіпсіздігі, инфекциялық бақылау және медициналық көмектің сапасын қамтыды. Ұлттық госпитальдің өкілі Мадина Кенжебекова ғылыми-практикалық конференцияларда баяндама жасап, бөлімшелердің жұмысымен танысты және практикалық ұсынымдар берді.
Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы 50-ден астам адамның қатысуымен «Денсаулық сақтау топ-менеджерлерінің мектебі» атты екі күндік онлайн шеберлік сабағын өткізсе, Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы зертхана мамандарының біліктілігін тексеру және оларды оқыту мәселелеріне арналған екі онлайн таныстырылым ұйымдастырды. Оларға түрлі ұйымдардың 60-тан астам өкілі қатысты.
Медициналық орталық күндері пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсету мен өңірлік дәрігерлер арасында тәжірибе алмасуды ұштастырды. Мұндай формат тұрғындарға қажетті медициналық көмекті өз өңірінде алуға, ал мамандарға емдеудің заманауи әдістерін меңгеруге мүмкіндік береді. Айта кетейік, енді Медициналық орталық күндері Шығыс Қазақстан облысында жалғасады.