2026 жылғы 23 қазанда Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығына қарасты ұйымдардың қызметкерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға және Медициналық орталық мекемелерінің тиімді қызметін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан қызметкерлер жоғары кәсібилігі, жауапкершілігі және өз ісіне адалдығы үшін мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.
Медициналық орталықтың басшысы Рүстам Албаев қызметкерлерге адал еңбегі мен саланы дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Ол табысталған наградалар мамандардың кәсіби жетістіктерінің, көп жылғы еңбегінің және өз ісіне деген адалдығының лайықты бағасы екенін атап өтті.
«Санжар Асфендияров» медалімен Медициналық орталық ауруханасының дәрігер-зертханашысы Яна Белова және Медициналық орталық Ұлттық госпиталінің патологиялық-анатомиялық бөлімшесінің меңгерушісі Анар Балапанова марапатталды.
«Саланың дамуына қосқан үлесі үшін» медалі Almaty Resort шипажайының емдеу-оңалту бөлімшесінің мейіргері Гүлістан Мұхаметсопиеваға табысталды.
Медициналық орталық Ұлттық госпиталінің арнайы медициналық көмек көрсету орталығының меңгерушісі Гүлжан Амалбекова «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Сондай-ақ әртүрлі бөлімшелер мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының ведомстволық наградаларына ие болды. Олардың қатарында «Білім беру саласының үздігі», «Автокөлік саласының үздігі», «Цифрландыру саласының үздігі», «Экономика саласының үздігі», «Қаржы саласының үздігі», «Заң саласының үздігі» және «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілері бар.
Сонымен қатар қызметкерлер адал еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін Медициналық орталықтың «Үздік еңбегі үшін» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты рәсім Медициналық орталық ұйымдарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің одан әрі дамуына үлес қосып жүрген түрлі сала мамандарының еңбегін лайықты бағалауға арналды.