Басты бет › ШҚО-дағы Медициналық орталық күндері: күрделі операциялар мен тәжірибе алмасу

ШҚО-дағы Медициналық орталық күндері: күрделі операциялар мен тәжірибе алмасу

ШҚО-дағы Медициналық орталық күндері: күрделі операциялар мен тәжірибе алмасу ШҚО-дағы Медициналық орталық күндері: күрделі операциялар мен тәжірибе алмасу ШҚО-дағы Медициналық орталық күндері: күрделі операциялар мен тәжірибе алмасу ШҚО-дағы Медициналық орталық күндері: күрделі операциялар мен тәжірибе алмасу ШҚО-дағы Медициналық орталық күндері: күрделі операциялар мен тәжірибе алмасу

Он хирургиялық операция, оның бірі өңірде алғаш рет жасалуы, 30 консультация және медицина қызметкерлеріне арналған оқыту іс-шаралары Шығыс Қазақстан облысында өткен ҚР ПІБ Медициналық орталығы күндерінің басты нәтижесі болды. 22–23 қазанда мамандар Өскемен қаласында пациенттерге медициналық көмек көрсетіп, жергілікті дәрігерлермен тәжірибе алмасты.

Маңызды оқиғалардың бірі – облыста алғаш рет жасалған күрделі тізе буыны операциясы. ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының травматолог дәрігері Асқар Баймұхаметов тізенің алдыңғы және артқы айқаспалы, сондай-ақ сыртқы бүйір байламдарына бір мезгілде пластикалық операция жасады. Мұндай ота бірнеше байлам қатар зақымданған жағдайда буынның тұрақтылығын қалпына келтіруге бағытталған. Жалпы маман төрт операция жасады. ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының ЛОР бөлімшесінің меңгерушісі Арман Нағұманов та төрт операция жасады.

«Іссапар барысында екі тимпанопластика жасадық. Мұндай операциялар дабыл жарғағының бүтіндігін қалпына келтіріп, кейбір жағдайларда есту қабілетін жақсартуға мүмкіндік береді. Хирургиялық көмек көрсетумен қатар жергілікті әріптестерімізбен тәжірибе алмастық. Біз үшін пациенттердің сапалы медициналық көмекті өз өңірінде алуы маңызды», – деді Арман Нағұманов.

Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығында уролог дәрігер Олжас Джайчибеков бүйректегі тастарды алып тастау бойынша аз инвазиялық екі операция жасады. Сонымен қатар аритмолог Құдайберген Тәжібаев жүрек ырғағы мен өткізгіштігі бұзылған 30 пациентке консультация берді.

Медициналық көмек көрсетумен қатар өңір мамандарын оқытуға да көңіл бөлінді. Аурухана дәрігерлері өкпенің интерстициалды ауруларын диагностикалау және емдеу, сондай-ақ ішектің қабыну ауруларын емдеудің заманауи әдістері бойынша екі онлайн дәріс өткізді. Оларға 30-дан астам адам қатысты.

Ұлттық госпиталь мамандары мейіргер ісін басқару, пациенттердің қауіпсіздігі және инфекциялық бақылау бойынша онлайн семинарлар ұйымдастырды. Оқыту іс-шараларына 200-ден астам медицина қызметкері қатысты.

Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы 32 қатысушыға арналған «Денсаулық сақтау топ-менеджерлерінің мектебі» атты онлайн шеберлік сабағын өткізді. Онда цифрландыру, жасанды интеллектіні қолдану және медициналық ұйымдарды басқару мәселелері талқыланды. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы да зертхана мамандарын даярлау және олардың біліктілігін тексеру бойынша екі онлайн таныстырылым өткізді. Оларға өңірдегі түрлі ұйымдардың 28 өкілі қатысты.

ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері өңірлерде мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және жергілікті дәрігерлермен кәсіби ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Мұндай жұмыс заманауи емдеу әдістерін өңірлік тәжірибеге енгізуге және тұрғындардың өз өңірінде сапалы медициналық көмек алу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.