Іс-шара аясында елордалық мамандар жергілікті дәрігерлермен бірлесіп 6 ота жасап, пациенттерге консультация берді. Сонымен қатар өңірдің медицина қызметкерлеріне арналған оқыту іс-шаралары ұйымдастырылды.
Атырау облыстық ауруханасында нейрохирургия, оториноларингология, урология және гинекология бағыттары бойынша операциялар жасалды. Соның ішінде Медициналық орталық ауруханасының нейрохирургі Исламбек Мұсабеков ми қан тамырларының қан айналымын қалпына келтіруге бағытталған рентгенэндоваскулярлық операция жүргізді. Бұл әдіс қан тамырларына ашық операция жасамай, арнайы құралдар арқылы емдеуге мүмкіндік береді.
Оториноларинголог Талапбек Әженов құлақтың зақымданған құрылымдарын қалпына келтіру және холестеатоманы алып тастау бойынша екі операция жасады. Ұлттық госпиталь мамандары да хирургиялық көмек көрсетті. Уролог Арман Бегалин бүйректегі тасты тері арқылы алып тастау операциясын, ал гинеколог Асылжан Ибраев-Рысбеков лапароскопиялық әдіспен екі ота жүргізді.
Операциялармен қатар бейінді мамандар 41 пациентке консультация беріп, олардың денсаулық жағдайын бағалады. Бес пациентке Медициналық орталық ауруханасында қосымша консультация алу үшін тиісті қорытынды берілді.
Медициналық орталық күндері аясында жергілікті медицина мамандарының біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінді. Ұлттық госпиталь мен Медициналық орталық ауруханасының дәрігерлері инфекциялық бақылау, аутоиммундық ауруларды диагностикалау, дәрілік заттарды қауіпсіз қолдану және күрделі клиникалық жағдайларды анықтау мәселелері бойынша дәрістер өткізді.
Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы өңірдегі медициналық ұйымдардың басшыларына арналған «Денсаулық сақтау топ-менеджерлері мектебі» шеберлік сабағын ұйымдастырды. Онда жасанды интеллектіні медицинада қолдану, цифрландыру, қаржылық басқару және медициналық қызметтер маркетингі мәселелері қарастырылды.
Ал Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы зертханалық зерттеулер сапасын бағалау және зертхана мамандарын оқыту мүмкіндіктері туралы екі онлайн-презентация өткізді. Жалпы төрт ұйым 8 оқыту іс-шарасын ұйымдастырды.
Медициналық орталық күндері аясындағы бірлескен жұмыс өңір тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге, жергілікті дәрігерлердің тәжірибе алмасуына және заманауи емдеу әдістерін тәжірибеде қолдануына мүмкіндік берді. Медициналық орталық мамандарының келесі сапары Батыс Қазақстан облысына жоспарланған.