Орал қаласында ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері аяқталды. Екі күн ішінде Медициналық орталық мамандары жергілікті дәрігерлермен бірлесіп 5 ота жасап, 175 консультация өткізді. Сонымен қатар 250-ге жуық маманның қатысуымен 8 оқыту іс-шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шаралар Орал қаласының үш медициналық ұйымында – облыстық және қалалық көпбейінді ауруханаларда, сондай-ақ облыстық кардиологиялық орталықта өтті. Оталар жасауға және пациенттерге консультация беруге Медициналық орталық ауруханасы мен Ұлттық госпиталь дәрігерлері қатысты.
Маңызды нәтижелердің бірі – Батыс Қазақстан облысында алғаш рет гибридті қан тамырлары отасының жасалуы. Хирургиялық араласуды Медициналық орталық ауруханасының қан тамырлары хирургі Абылай Сейтқалиев жүргізді.
«Операция екі кезеңнен тұрды. Алдымен қан ағымын қалпына келтіру үшін сол жақ жалпы мықын артериясына стент орнаттық. Содан кейін қанның зақымданған тамыр бөлігін айналып өтуіне мүмкіндік беретін қосымша жол жасап, сан-тізеасты шунттау отасын жүргіздік. Мен үшін ота жасаумен қатар, жергілікті әріптестеріммен практикалық тәжірибе алмасу да маңызды болды», – деді Абылай Сейтқалиев.
Нейрохирург Талғат Ермеков омыртқа артерияларына стент орнату бойынша екі ота жасады. Бұл аз инвазивті әдіс зақымданған қан тамырларындағы қан ағымын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар гинеколог Гүлбарам Башарова лапароскопиялық әдіспен екі ота жасады.
Консультациялар барысында облыс тұрғындары қан тамырлары хирургтері, нейрохирургтер, гинекологтер, эпилептолог, аритмолог, кардиохирург, ревматолог, эндокринолог және нефролог мамандарынан медициналық көмек алды. Қабылдау нәтижесінде дәрігерлер пациенттерді одан әрі тексеру және емдеу жолдарын анықтады. Атап айтқанда, 19 пациентке Медициналық орталық ауруханасына қаралу үшін консультациялық қорытынды берілді, тағы 13 пациентке кардиохирургиялық бағыт бойынша ауруханаға жату ұсынылды. Ұлттық госпиталь мамандары үш дәрігерлік консилиумға қатысты.
Өңірдегі медицина қызметкерлерін оқытуға ерекше көңіл бөлінді. Медициналық орталық ауруханасы мен Ұлттық госпиталь дәрігерлері эпилепсия, өкпенің интерстициалды аурулары, гинекология және медицинаның басқа да өзекті бағыттары бойынша дәрістер өткізді.
Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы вакцинамен профилактикалау және медициналық ұйымдарда маркетинг құралдарын қолдануға арналған «Денсаулық сақтау саласының топ-менеджерлер мектебі» атты онлайн шеберлік сабағын ұйымдастырды. Ал Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы медициналық зертханалардың біліктілігін тексеру және биологиялық қауіпсіздік негіздері бойынша екі онлайн-презентация өткізді.
ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмек алуға, ал жергілікті дәрігерлерге әріптестерінің практикалық тәжірибесін меңгеріп, ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерімен танысуға мүмкіндік берді.