Астанада «Жаһандық өзгерістер жағдайындағы мектеп жасына дейінгі балалардың психологиялық әл-ауқаты және бейімделу әлеуеті: қауіп факторлары мен қолдау ресурстары» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараны ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы ұйымдастырды.
Конференцияға Қазақстан, Ресей, Финляндия, Эстония, Испания және Түркия елдерінен ғалымдар, балалар психологиясы саласындағы сарапшылар, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері қатысты. Олар балалардың психологиялық қауіпсіздігі, инклюзивті білім беру, цифрлық технологиялардың бала дамуына әсері және ойынның маңызы туралы пікір алмасты.
«Қарлығаш» балабақшасының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлшат Оңланбекқызы қазіргі өзгерістер жағдайында балалардың эмоционалдық және танымдық қажеттіліктерін ескеру маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай кездесулер ғылыми зерттеулер мен күнделікті педагогикалық тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік береді.
Конференцияда төрт тақырып бойынша секция жұмыс істеді. Қатысушылар «Қарлығаш» балабақшасының жұмысымен танысып, балаларды дамыту ортасын ұйымдастыру және психологиялық-педагогикалық қолдау әдістерін көрді.