Басты бет › Ыстықкөлдегі «Қазақстан» санаторийіне «5 жұлдыз» санаты берілді

Ыстықкөлдегі «Қазақстан» санаторийіне «5 жұлдыз» санаты берілді

Ыстықкөлдегі «Қазақстан» санаторийіне «5 жұлдыз» санаты берілді Ыстықкөлдегі «Қазақстан» санаторийіне «5 жұлдыз» санаты берілді

Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығына қарасты «Қазақстан» санаторийі Қырғыз Республикасында қонақтарды орналастыру орындарына санат берудің мемлекеттік жүйесі бойынша ең жоғары санатқа ие болды. Ыстықкөлдің солтүстік жағалауындағы жаңартылған кешен 2026 жылғы 1 желтоқсанда ашылады.

Санат беру туралы шешім Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің жанындағы Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік агенттіктің 2026 жылғы 20 қарашадағы № 33-Б-41 бұйрығымен ресімделді. Санаторийге 2029 жылғы 20 қарашаға дейін жарамды № 002 куәлік берілді.

Аумағы 17,5 гектар болатын кешенде тұрғын корпустар, коттедждер және медициналық блок орналасқан. Қонақтар үшін жабық бассейн, термалды минералды суы бар бассейн, спорт алаңдары мен балалар аймағы қарастырылған. Қонақтарға күніне төрт мезгіл тамақ беріледі.

Дәрігерлер сауықтыру бағдарламаларын әр мейманға жеке таңдайды. Емдік ванналарға термалды минералды су, ал аппликацияларға Жырғалаң кен орнының емдік балшығы пайдаланылады. Бағдарламаларға физиотерапия, массаж және емдік дене шынықтыру жаттығулары енгізілуі мүмкін.

Айта кетейік, Ыстықкөлдегі «Қазақстан» санаторийінің тарихы 1962 жылдан басталады. Оның аумағында Қонаев аллеясы мен Дінмұхамед Қонаев демалған саяжай сақталған. Қазір саяжай ғимаратында оның музей-үйі орналасқан.

«Қазақстан» санаторийінде жылдың кез келген мезгілінде демалып, сауықтыру бағдарламаларынан өтуге болады. Кешен ашылғаннан кейін инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстары жалғасады.