Биыл ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Жедел медициналық жәрдем бөлімшесіне 25 жыл толып отыр. ҚР ПІБ МО ауруханасының Жедел медициналық жәрдем бөлімшесі 1998 жылдан бері Орталыққа бекітілген тұлғаларға қызмет етіп келеді. Бүгінде бөлімшеде 49 медициналық қызметкер жұмыс істейді. Олардың ішінде дәрігерлер, фельдшерлер, диспетчер және кіші медициналық персонал мен көлік жүргізушілері бар.
Бөлімшеде 3 бригада жедел медициналық жәрдем көрсетсе, 2 бригада арнайы қызмет сабында. Орталықта 4 категория бойынша жедел медициналық көмек көрсетіледі. Яғни 10 минут, 15 минут, 30 минут және аурухана емханасына табысталатын соңғы категория жатады.
Жедел жәрдем қызметіне қан қысымы, жүректегі ауырсыну, сіңірдің тартылуы, дене қызуы, іш ауруы, есінен тану, көлік апаты, жүктілік кезіндегі қауіп-қатер, босану сияқты өзге де түрлі шағымдар бойынша күніне 5–20 шақыртуға дейін келіп түседі. Жедел медициналық жәрдем диспетчері 2–4 минут аралығында науқастың шағымын қабылдап, категориясына қарай жедел бригадаға хабар беріп және науқастың мәліметтерін дәрігердің қолына табыстап үлгеру қажет. Дәрігерлер мекеме қабырғасымен жалғасып тұрған көлікжайдан шұғыл жолға шығады. Сондай-ақ дәрігердің кеңесімен шектелетін қоңыраулар да орын алып тұрады. Ондайда бригаданың жол жүруі қажет етілмейді.
Мейрам күндері де демалыссыз жұмыс істейтін Жедел медициналық жәрдем бөлімшесінің қосалқы станциясы Астана қаласының оң жағалауында ашылған. Бұл шұғыл шақыртуларға жедел жетуге мүмкіндік береді. Жиырма бес жылдық тарихы бар бөлімшенің жоғары медициналық білімі мен білігі бар қызметкерлері әр науқастың өмірі мен саулығына аянбай қызмет ете бермек.