Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы 2024 жылғы жұмыс қорытындысын ұсынды. Балабақша мектепке дейінгі білім беру саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп, инновацияларды белсенді енгізу және еліміздегі, сондай-ақ шетелдегі білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты дамыту бағытында жұмыс істеді.
Медициналық орталық ұйымдастырған іс-шаралар аясында балабақша педагогтері 11 презентация мен 12 шеберлік сабағын өткізіп, Қазақстанның үш өңірінен 350-ден астам мектепке дейінгі білім беру маманын қамтыды. Бұл кездесулерде «Қарлығаш» балабақшасында қолданылатын озық педагогикалық тәжірибелер мен инновациялар таныстырылды, оның ішінде: «Қызықты дене шынықтыру», «Мектепке дейінгі балаларға арналған физика», «Интерактивті этникалық ертегілер» модульдері және оқытудың ойын әдістері көрсетілді.
«Қарлығаш» балабақшасы ынтымақтастық аясын кеңейтіп, 2024 жылы 11 жетекші қазақстандық ЖОО-мен, соның ішінде Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-мен, сондай-ақ халықаралық білім беру ұйымдарымен - Әзербайжанның «Білім беру зерттеулері және кеңес беру орталығы», Educenter Azerbaijan және Норвегияның Рогаланд округінің Политехникалық колледжімен меморандумдарға қол қойды. Бұл серіктестік мектепке дейінгі білім беру саласында тәжірибе және білім алмасу, бірлескен зерттеулер жүргізу және педагогтерге арналған тағылымдамалар ұйымдастыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.
2024 жылы ерекше назар «Бастау» атты авторлық білім беру бағдарламасын әзірлеу және енгізуге аударылды. Бағдарлама балалардың әлеуметтік дағдыларын, шығармашылық ойлауын және коммуникация қабілеттерін дамытуға бағытталған, бұл оларға болашақта оң ықпал етпек. «Бастау» бағдарламасы жеке тұлғаға бағытталған тәсілді ұстанып, әр баланың қажеттіліктері мен қызығушылықтарын ескеруімен ерекшеленеді. Бағдарламада QR-кодтар арқылы мобильді кітапхана, аудиоматериалдар және интерактивті ойындар сияқты түрлі IT-құралдар белсенді қолданылады, ал бұл оқытуды барынша көрнекі және тиімді етеді. Қазіргі уақытта «Бастау» бағдарламасы Абай, Жетісу, Павлодар және Маңғыстау облыстарының 10 мектепке дейінгі мекемесінде сынақтан өтуде.
«Мектепке дейінгі білім беруде заманауи педагогикалық технологияларды қолдану баланың дамуына бағыт беріп, оның табысты әлеуметтенуіне ықпал етеді. Біздің мақсатымыз – жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беру», – деп атап өтті балабақша директоры Гүлшат Онланбекқызы.
Айта кетейік, 2024 жылы балабақша тәрбиеленушілері «Абай оқулары», «Бояулар құпиясы», «Әнші бала» сынды түрлі деңгейдегі 69 байқауға қатысып, 543 жүлделі орынға ие болды, оның ішінде 49 гран-при және 229 бірінші орынға ие болды. Бұл нәтижелер балалардың дайындығының жоғары деңгейін және балабақшада қолданылатын білім беру бағдарламасының тиімділігін көрсетеді.
Балабақша педагогтері де жоғары кәсіби деңгейін танытып, қала, республика және халықаралық деңгейдегі 63 іс-шарада 70 жүлделі орынға ие болды. Атап айтқанда, WorldSkills Astana-2024 аясындағы «Баршаға қолжетімді білім беру» Форсайт-сессиясы, «STEAM алаңы – бірыңғай білім беру кеңістігі» әдістемелік идеялар онлайн-фестивалі және басқа да іс-шаралар. Бұл шараларға қатысу педагогтерге өз біліктіліктерін арттыруға, әріптестерімен тәжірибе алмасуға және мектепке дейінгі әдістемелер мен инновациялық технологиялар саласындағы білімдерін көрсетуге мүмкіндік берді.
2024 жылы балабақшада үш эксперименттік алаң өз жұмысын бастады: «Балабақшадағы медиашығармашылық», «Ұлттық құндылықтар негізінде оқыту» және «EcoTeam: экологиялық ортаға экологиялық қатынастардан». Бұл алаңдар педагогтердің зерттеушілік құзыреттілігін дамытуға, балалармен жұмыс жасаудың жаңа әдістері мен формаларын енгізуге және үйлесімді шығармашылық білім беру ортасын құруға бағытталған.
Сонымен қатар, 30 қазан күні «Өсу нүктесі. Трансформация кезеңі» атты халықаралық конференция өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Норвегиядан 100-ден астам педагог қатысты. Конференцияның қорытынды резолюциясы педагогтерге тәжірибе алмасуға арналған бірыңғай «QARLYGASH» алаңын құру, халықаралық тағылымдамалар мен семинарлар ұйымдастыру сияқты бастамаларды қамтыды.
2025 жылы балабақша «Бастау» бағдарламасының «Социум» және «Шығармашылық» бағыттары бойынша қосымша модульдерін әзірлеуді, білім беру қызметтерінің сапасын арттыруды, балалар тағамы бойынша озық тәжірибелерді енгізуді және мектепке дейінгі білім беруді дамыту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жалғастыруды жоспарлап отыр.