



ҚР ПІБ МО ауруханасындағы Ядролық медицина орталығының бас онкологі Назар Сейдалин аурудың дамуына қандай факторлар әсер етуі мүмкін екенін және обырдың алдын алу үшін не істеуге болатынын түсіндіріп берді. Оның айтуынша, қауіп факторы «басқарылатын» және «басқаруға келмейтін» болып екі топқа бөлінеді.
«Генетика мен экология – біз ықпал ете алмайтын жағдайлар. Бірақ басқаруға болатын қауіп факторлары да бар. Ең алдымен, бұл – мінез-құлық факторлары. Қазіргі деректер бойынша, жұқпалы емес созылмалы аурулардың, соның ішінде онкологияның да 75%-нің себебі – осы фактор. Олардың қатарына темекі шегу, ішімдік ішу, семіздік және физикалық белсенділіктің төмендігі жатады. Мен бұл қатарға адамның психологиялық жай-күйін де қосар едім, өйткені дәл осы жағдай оның өмір салтын қалыптастырады», – дейді дәрігер.
Назар Сейдалиннің пікірінше, көп нәрсе біздің ойлау қабілетіміз бен психикалық күйімізге байланысты.
«Адам позитив ойлап, дамуға ұмтылса – дұрыс тамақтанады, спортпен айналысады, күйзеліспен сау түрде күреседі. Ал үнемі негатив пен ішкі қақтығыста өмір сүрсе, жұбанышты тамақтан, темекі мен алкогольден іздейді. Психика бос кеңістікті зиянды тәсілмен толтыруға тырысады. Мұның соңы гипертониядан бастап обырға дейінгі ауруларға әкеледі», – дейді онколог.
Денсаулығына мән бермейтін, ағзаның белгілеріне құлақ аспайтын адам тексерілуге де бармайды. Үнемі «уақытым жоқ», «кейін барамын», «қазір емес» сынды сылтау тауып алады. Бұл бәрі тым кеш болғанға дейін жалғаса береді. Одан кейін – шок, қорқыныш, үрей және қымбат әрі ауыр ем күтіп тұрады.
Біз ауруды таңдамаймыз. Бірақ денсаулығымызға немқұрайлы қарамау – біздің таңдауымыз. Ауруды күтіп отырмаңыз. Ең қарапайым нәрсе – тексеруден өтіңіз.