Қазақстанда шипажай-курорт саласын жаңғыртуға бағытталған жаңа кезең басталды. ҚР ПІБ Медициналық орталығы қарасты шипажайлар енді Health Resort by Qazwell атты бірыңғай бренд аясында жұмыс істейді. Бұл бастама ұлттық бренд архитектурасын қалыптастыру және сауықтыру туризмін жаңа деңгейге көтеру мақсатында қолға алынды.
Желіге берілген Qazwell атауы «Қазақстан – денсаулықтың қайнар көзі» деген тұжырымдаманы білдіреді. Бренд елдің табиғи мүмкіндіктерін, шипалы бұлақтарын, таза ауасын және дәстүрлі емдік тәжірибесін заманауи медициналық мүмкіндіктермен ұштастыру идеясын негізге алады.
Ал Health Resort («Сауықтыру курорты») дескрипторы шипажайлардың медициналық бағыттағы қызметін, профилактикаға басымдық беретінін және ағзаны кешенді түрде қалпына келтіруге бағытталған бағдарламаларды айқындайды.
ШИПАЖАЙЛАРДА ЖАҢА КЕЗЕҢ
Жаңа брендке көшу шипажайлардың қызметін жан-жақты талдау нәтижесінде жүзеге асырылды. Сарапшылар емдік және профилактикалық бағдарламаларды халықаралық wellness-индустриясының талаптарымен салыстыра отырып зерттеген.
Талдау нәтижелері «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені желісіндегі шипажайлардың мүмкіндігі халықаралық Health Resort санатына сәйкес келетінін көрсетті. Мұнда кардиологиялық, тыныс алу жүйесіне арналған бағдарламалар, detox курстары, медициналық диагностика, оңалту шаралары, сондай-ақ wellness және SPA қызметтері ұсынылады.
САЛАНЫҢ ДАМУЫНДАҒЫ ЖАҢА БАҒЫТ
Қазақстанда бүгінде 300-ден астам шипажай жұмыс істейді. Алайда, дәстүрлі санаторий қызметтері нарығында бәсекелестік жоғары, ал өсім қарқыны шектеулі.
Осыған байланысты medical wellness бағытына көшу бірнеше маңызды мүмкіндік береді:
- жаңа әрі перспективалы нарық сегментіне шығу;
- денсаулықтың алдын алу, check-up және өмір сапасына көңіл бөлетін аудиторияны тарту;
- брендтің танымалдылығы мен құнын арттыру;
- дәстүрлі шипажайлар арасынан ерекшелену.
Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары wellness, detox және check-up бағдарламаларына қызығушылық айтарлықтай артқан. Бұл адамдардың денсаулыққа деген көзқарасы өзгеріп, алдын алу медицинасына сұраныс күшейгенін көрсетеді.
БІРЫҢҒАЙ САУЫҚТЫРУ КУРОРТТАРЫ ЖЕЛІСІ
Health Resort by Qazwell жүйесіне бірнеше ірі шипажай кіреді. Олардың қатарында:
- «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені (Бурабай);
- Almaty Resort шипажайы (Алматы);
- «Қазақстан» санаторийі (Ессентуки);
- «Қазақстан» санаторийі (Қырғызстан).
Бұл нысандар біртұтас стратегия аясында дамып, профилактика, оңалту және денсаулықты нығайту бағытындағы кешенді қызметтерді ұсынады.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ САУЫҚТЫРУ ТУРИЗМІНДЕГІ МҮМКІНДІГІ
Мамандардың пікірінше, табиғи ресурстардың молдығы, қолайлы климат пен медициналық инфрақұрылымның дамуы Қазақстанды сауықтыру туризмі үшін тартымды бағыттардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Ал Health Resort by Qazwell бренді осы әлеуетті жүйелі түрде дамытып, елдің шипажайларын халықаралық деңгейдегі сауықтыру орталықтары ретінде танытуға жол ашады.