Басты бет › «Қарлығаш» балабақшасында балалардың бейімделуіне қалай көмектеседі

«Қарлығаш» балабақшасында балалардың бейімделуіне қалай көмектеседі

«Қарлығаш» балабақшасында балалардың бейімделуіне қалай көмектеседі «Қарлығаш» балабақшасында балалардың бейімделуіне қалай көмектеседі «Қарлығаш» балабақшасында балалардың бейімделуіне қалай көмектеседі «Қарлығаш» балабақшасында балалардың бейімделуіне қалай көмектеседі «Қарлығаш» балабақшасында балалардың бейімделуіне қалай көмектеседі

Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасында балалардың даму және бейімделу ерекшеліктерін уақтылы анықтауға бағытталған психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жүйесі жұмыс істейді. Бұл жұмысқа психолог, логопед мамандары, педагогтер мен ата-аналар қатысады.

Жыл сайын мектепке дейінгі топтарға жаңадан келген тәрбиеленушілер диагностикалық тексеруден өтеді. Мамандар балалардың танымдық дамуын, есте сақтау қабілетін, зейінін, ойлауын, әлеуметтік және оқу дағдыларын бағалайды. Сондай-ақ баланың құрдастарымен қалай қарым-қатынас жасайтыны, ойынға қалай араласатыны және ұжымға қалай бейімделетіні назарда болады.

Тексеру қорытындысы бойынша педагогтер мен ата-аналарға ұсынымдар беріледі. Қажет болған жағдайда балаға жеке тәсіл белгіленіп, одан әрі сүйемелдеу жоспары жасалады.         3-4 айдан кейін даму динамикасын бағалау үшін қайта диагностика жүргізіледі, ал сәуір–мамыр айларында қорытынды тексеру өтеді.

Психологтар балабақшаға алғаш қадам басқан әр бүлдіршінді топта, серуен кезінде және таңертең балабақшаға келген сәтте күнделікті бақылайды. Шамамен бір аптадан кейін әр балаға бейімделу парағы толтырылып, онда ұйқысы, тәбеті, көңіл күйі, эмоциялық реакциялары, ойын белсенділігі және айналасындағылармен қарым-қатынасы тіркеледі.

«Бейімделу кезеңінде баланың жылағанына немесе жыламағанына ғана назар аудару жеткіліксіз. Біз оны әртүрлі жағдайда бақылаймыз: қалай ұйықтайды, тамақтанады, ойнайды, тәрбиешімен және басқа балалармен қалай қарым-қатынас орнатады. Кейде балаға жай ғана көбірек уақыт қажет, ал кейде оған ерекше тәсіл немесе өзі үйренген тыныштану жолы керек болады. Біздің міндетіміз – мұны дер кезінде байқап, баланың өзіне де, ата-анасына да осы кезеңнен барынша жайлы өтуге көмектесу», – дейді «Қарлығаш» балабақшасында ашылған күннен бері еңбек етіп келе жатқан психолог Ольга Ханеева.

Шамамен үш аптадан кейін мамандар бейімделу үдерісін қайта бағалайды. Егер балаға қосымша қолдау қажет болса, тәрбиешілер мен ата-аналарға тиісті ұсынымдар беріледі.

Ата-аналардың өтініші бойынша қосымша диагностика жүргізілуі мүмкін. Мәселен, баланың эмоциялық жағдайы өзгергенде, мазасыздық, жоғары қимыл-қозғалыс белсенділігі байқалғанда немесе құрдастарымен қарым-қатынаста қиындықтар туындаған кезде қолға алады. Сондай-ақ баланың ортаға араласу деңгейін және басқа балалармен қарым-қатынасының ерекшеліктерін бағалауға мүмкіндік беретін социометриялық зерттеу жүргізіледі.

Осылайша, «Қарлығаштағы» психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу бір реттік диагностикамен шектелмейді. Бұл – баланың даму динамикасын бақылап, жеке қолдау шараларын таңдауға бағытталған мамандардың, педагогтер мен ата-аналардың жүйелі жұмысы.